Ерлан Құлманбетов Өнімді тұтынушыға жеткізу департаментінің директоры
Компаниямызда таң атқаннан кеш батқанға дейін тынбай еңбек ететін, сүйікті сусындарыңызды сіздерге уақытылы жеткізетін бөлім – өнімді тұтынушыға жеткізу департаменті. Атаулы бөлімнің басшысымен таныс болыңыздар – Ерлан Құлманбетов.
«Мен «Адал су», «Напитки на дом» компаниясы болған кезден бастап қызмет етіп келемін. Ол кезде 19 литрлік суды доставка жасайтын едік. Біздің негізгі міндетіміз – дайын өнімді сату нүктелеріне дер кезінде жеткізу. Жұмысымның ең қиын уақыты – маусым, шілде, тамыз айларында сұраныс өте жоғары болады, сол кезде көлік жетіспей қиналамыз».
Биыл «GALANZ bottlers» компаниясның автопаркі жаңармақ, 15 жаңа көлік қызметке кіріседі. Сондай-ақ биылғы жылдың тағы бір жақсы жаңалығы – төлемді QR коды арқылы жүргізу. Жыл сайын компания басшылығы қызметкерлерді ынталандыратын түрлі шаралар ойластырып отырады.
«Жазғы маусым кезінде тепсе темір үзетін жап-жас жігіттер шаршап кетеді, кейде коридорда ұйықтап отырады. Бірақ енді оның да бір шешімін таптық, бұрын 1 жүргізуші, 1 жүк тиеуші болатын. Қазір экипажда 1 жүргізуші, 2 жүк тиеуші жұмыс істейді. Өйткені жүргізуші көлік жүргізеді, жолға мұқият болу керек, ақшаға жауап береді, кассаны тапсырады, қатты шаршамау үшін жағдайын жасап отырмыз. «Үздік экипаж» деген мотивация түрі бар. Көп заявка орындаған, жұмыстан қалмаған, көліктің тазалығына ерекше мән берген қызметкерлерді ынталандырамыз. Бірінші орынға – 150 мың теңге, екінші орынға – 100 мың теңге, үшінші орынға –75 мың теңге береміз».
«GALANZ bottlers» компаниясы «Клиенттікі әрқашан дұрыс!» деген ережені әрдайым басшылыққа алады. Сондықтан сауда орындарынан шағым түссе, мәселенің анық-қанығына жету үшін бірден басшылықты жібереді.
«Бір күні бір әйел адам хабарласты. Тауарды дұрыс әкелмеді деп ұрсып, артық сөздер айтып, дөрекі сөйлесті. Содан кейін мен ол кісіге айттым: «Сіз сабыр етіңіз, мен қазір келіп сізбен танысайын, сөйлесейін», - дедім. Түстен кейін, сол дүкенге барсам, өзімнің жеңгем отыр. Телефонмен сөйлескенде жеңгем екенін білген жоқпын, көрген бойда бірден күліп жібердім. Ол кісі де ыңғайсызданып қалды. Ол менің осы компанияда жұмыс істейтінімді білмеген екен. Сөйтіп шаруа оп-оңай шешіле салды».
Жұмысты тиянақты үйлестіріп отыру – шеберлік. Сондай ерекше қарым-қабілетімен ұйымшыл бөлімді басқарып отырған Ерлан Бейсеналыұлының компанияға сіңірген адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін зор алғыс білдіреміз.