kz Блог

УАҚЫТША ЖҰМЫС ӨМІРЛІК МИССИЯҒА АЙНАЛДЫ

Қызметкерлер
Әділбек Еспенбетов
наладчик

Кейде уақытша деп басталған іс өміріміздегі ең маңызды қызметімізге айналып кететінін кім білсін? «Көктемге дейін жүре тұрайын» деп басталған жұмыс Әділбек Еспенбетов үшін он төрт жылға созылды. Ол зауыттағы тәжірибелі наладчиктердің бірі. 2013 жылы жүк тиеуші болып жұмысқа тұрады. Алты айдан кейін наладчик қызметіне ауысады.

«Алғаш жұмысқа кіргенде ойым басқа еді. «Көктемге дейін жүре тұрайын» деп уақытша кірген жұмысымда он төрт жыл қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым. Әрине, оңай болған жоқ. Бірде станокты қосу кезінде қолым күйіп, бес күн бойы еңбекке жарамсыз болып үйде жаттым. Сол сәтте шынымен жұмыстан кеткім келген. Бірақ «осынша жыл істеп келдік қой, жалғастыра берейік» деп өзімді қайрап, қайтадан жұмысқа кірістім. Қолымның күйгенін орнында қалған тыртық еске түсіреді».

Әділбектің күнделікті міндеті – станокты іске қосу, шикізатты қадағалау, сапаны тексеру. Әсіресе, Husky станоктары ерекше күтімді қажет етеді, жиі тоқтап қалатын сәттер де болады. Сондықтан наладчиктің қырағылығы мен төзімділігі қажет.

«Өзім негізі мұғаліммін. АГУ-дың көркемсурет-графика факультетін бітіріп, ауылда үш жыл бейнелеу өнері мен сызудан сабақ бердім. Әйелім де – мұғалім. Алматыға қоныс аударған соң мектепке орналастық. Бірақ ұстаздық жұмыстың жалақысы аз, қағазбастылығы көп болды. Таңнан кешке дейін мектепте сабылып жүресің, ал еңбегің лайықты бағаланбайды. Сол себепті басқа жолды таңдадым».

Зауытта Әділбек мүлде жаңа саланы меңгерді. Ол станоктардың құрылысын түсініп қана қоймай, пластиктің қандай температурада балқитынын, шикізат түрлерін және өнімнің сапасына әсер ететін барлық процесті үйренді. Уақыт өте келе жұмыс тек міндет қана емес, үлкен қызығушылыққа айналды. Сол қызығушылық оны нағыз кәсіби маман деңгейіне көтерді.