kz Блог

6 БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ, 6 САҒАТ ЖОЛ, ШЫНАЙЫ ЕҢБЕК

Қызметкерлер
Айбол Еспембетов
аймақтық менеджер
Кейде бір адамды көріп, «өмірде өз орнын тапқан жан!» – деп ойлайсың. Ісіне адал, жауапкершілігі мықты, жұмысқа жанын салып еңбек ететін мұндай адамдар сирек. Айбол Еспембетов – дәл сондай маман. Қазір ол — «GALANZ bottlers» компаниясының Алматы облысы бойынша аймақтық менеджері. Сауда саласында үлкен тәжірибесі бар, өз ісіне адал, көшбасшылық қабілеті мықты, еңбекқор жан.

Айбол «GALANZ bottlers» компаниясына 2020 жылдың желтоқсан айында, жаңа жылға санаулы күндер қалғанда жұмысқа орналасады. Алғаш жұмысқа тұрып, бірден ескерту алғаны әлі күнге дейін есінде.

«27-желоқсан күні жұмысқа тұрдым. Құжаттарымды өткізіп болғаннан кейін, жұмысқа жаңа жылдан кейін келіңіз деді. Демалыс уақытын құр жібермей, сүйікті ісім — аңшылықпен айналысу үшін Балқаштағы нағашыларыма жол тарттым. Мен жұмысқа 4 қаңтарда шықтым. Сөйтсем компанияда жұмыс 3 қаңтарда басталып кеткен екен. Супервайзерім іздеп таба алмай, ренжіген көрінеді. Сөйтіп алғашқы жұмыс күні ескерту алғаным өмірлік маңызды сабақ болды».

Оның кәсіби жолындағы ең үлкен қиындықтардың бірі – супервайзер қызметіне алғаш тағайындалған сәтте басталды. Себебі Ұзынағаш өңірін сол кезде жеке аймақ ретінде бөліп жатқан, сол себепті бәрін жаңадан құру керек болды. Алғаш құрылып жатқандықтан өңірде қойма да, команда да, жүйе де болған жоқ.

«Алматыда бәрі дайын: бухгалтерия бар, операторлар, сату тобы, жеткізу бөлімі – бүкіл процесс қалыптасқан. Ал Ұзынағашта ештеңе жоқ. Екі аптадан кейін, шынымды айтсам, шыдамадым – бас тарту туралы өтініш айттым. Бірақ басшылық қабылдамады: «не істейсің, не жұмыстан кетесің» – деген нақты талап қойды. Сол сәтте бар күш-жігерімді жинап, тәуекелге бардым. Бір айдың ішінде жүйе қалыптасты, команда құрылды, жұмыс жүре бастады. Қазіргі жетістігім сол кездегі еңбектің нәтижесі деп ойлаймын.

Айболдың жұмысы оңай емес. Оны алға жетелейтін ең үлкен мотивация – алты баласы.

«Мен көпбалалы әкемін. Үш ұлым, үш қызым бар. Үмбетәлі ауылында тұрамын. Жұмысқа жету үшін күн сайын 3 сағат жол жүремін, қайтарда тағы 3 сағат. Бір күнімнің 6 сағаты жолда өтеді. Бірақ ешқашан «шаршадым» деп айтқан емеспін. Себебі бала-шағамды көрген сәтте бәрі ұмытылады».

Айбол тек кәсіби емес, адами болмысымен де үлгі. Сауда өкілі кезінде мұқтаж жандарға арналған сөрелерге азық-түлік апарып тұратын.

«Май, ұн, картоп, пияз секілді қажет заттарды апарып қоятынмын. Кейін дүкеншілер ол жерден бес баласы бар жалғыз әке жиі алып кететінін айтты. Жақсылық – міндет емес, ол жүректен шығуы керек».

Еңбегімен үлгі, адамгершілігімен өнеге. Айбол сияқты жандармен бір компанияда жұмыс істеу – үлкен мәртебе.