kz Блог

ҚОЙМА ПАТШАЙЫМЫ

Қызметкерлер
Қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар қоймасын ретке келтіріп, тып-тыянақтай етіп ұстап, ер азаматтармен иық тіресе жұмыс істеп жүрген нәзік әріптесіміз Ысқақова Әдиямен таныс болыңыздар. Бір қарағанда өңкей темір-терсектің арасында отыру әйел адамға лайықты жұмыс емес сияқты, бірақ дәл осы жұмысты Әдия қалап, сүйіп істейді.

«2009 жылдан бері «GALANZ bottlers» компаниясының барлық қоймаларында жұмыс істеп келемін. Менің міндетім – әрбір заттың атауын, орнын, санын білу, келген тауарды құжатқа тіркеу, қажет кезінде уақтылы беру. Құрбыларым «Қоймада, темір-терсектің арасында ішің пыспай ма?» деп сұрайды. Таңертеңнен бәрі күтіп тұрады, әркімге әр нәрсе керек. Ішім пысса, балаларыма звандап отыратын едім, менде қазір телефонды алатын уақыт жоқ».

Осы жылдар ішінде Әдия Әбілқасымқызының басынан небір қызық оқиғалар өтті, бірақ алғашқы жұмыс күні ешқашан есінен кетпейді.

«Бірінші жұмыс күні тауарды тексеру керек болдым. Қолыма 32 паллет деп жазып алғанмын. Жүк машинасының алдына тұрып, ары санаймын, бері санаймын, саннан шатасып қалмайын деп ойлап қоямын. Сонда бір карщик: «Тәте, индийский сериалдағы сиырлар сияқты қайта-қайта өте бермей, арырақ тұрыңызшы!» - дейді. Ана сөзге қатты ренжідім, бірақ кейін барып түсіндім. Мен техникалық қауіпсіздікті сақтамай, жұмысқа кедергі келтірген екенмін ғой».

Әдия ханым қайсарлық, батылдық, тиянақтылық, еңбекқорлық сынды қасиеттерімен әріптестеріне сыйлы. Оның ер мінезді болмысына үйдегі отағасы да үйренген, тіпті сол болмысымен жарының жүрегін жаулап алған тәрізді. Өміріне, жұмысына көңілі толған жанның күн сайын айтар алғысы да шексіз.

«Біздің компанияда қызметкерлерге барлық жағдай жасалған, тек қана жұмыс істеу керек. Еңбекақымыз жыл сайын өсіп жатыр. Таңертең жұмысқа автобус алып келеді, кешке апарып тастайды. Түскі асымыз тегін. Осы уақытқа дейін еңбегімізді жеген емес. Ал артық істелген жұмыстың ақысы міндетті түрде төленеді. Осыдан кейін қалай барыңды салмайсың?»