kz Блог

МАХI ЧАЙ» -ДА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН МАЙОР

Қызметкерлер
Нұрсұлтан Смақынов,
көлік жүргізуші
«Махi Чай»-дың білікті көлік жүргізушісі Нұрсұлтан Смақыновпен таныс болыңыздар. Нұрсұлтан полиция сапында 25 жыл қызмет етіп, майор шенінде зейнетке шыққан.

«Зейнетке шыққаннан кейін 3 жыл үйде отырдым. Өмір бойы жұмыс істеген адамға үйде отырып қалған қиын екен. Осы жұмысқа кірем деген кезде отбасым қарсы болды. Себебі жұмыс оңай емес, үйдегілер ауырып қалады деп уайымдады. Бірақ жұмысқа шықаннан кейін денсаулығым дұрысталып кетті. Кез-келген қимыл-қозғалыс денсаулыққа пайдалы ғой. Мен өзі офиске жақын жерде тұрамын. Жұмысқа тұрмай тұрып «Махi Чай»-дың ары-бері өткен көліктерін күнде көретін едім. Сол кезде байқағаным компаниядағы көліктердің бәрі жап-жаңа, соған қызығатынмын».

Нұрсұлтан жолда әрдайым қырағы және мұқият болуға тырысады, себебі бұл қауіпсіздік үшін аса маңызды дейді. Басқа жүргізушілерден ерекшелейтін бірден-бір қасиеті көлігінің тазалығына ерекше мән береді. Ал қызметіне асқан жауапкершілікпен қарайтынын күніне 50-ден аса дүкенге тауар таратып үлгеретінінен байқауға болады.

«Жұмысқа ерте, сағат 6.00-де келемін. Ерте келсем, ертерек бітіріп қайтамын. Түстен кейін 15.00-де босаймын. Пробкаға қалмауға тырысамын. Маған Еңбекшіқазақ ауданы тиесілі. Жұмысыңды тыңғылықты істесең, ай сайын премия береді. Компания басшылығы қызметкерлерін әрдайым ынталандырып отырады. Былтыр біз «Үздік экипаж» атанып, ақшалай сыйақы алдық. Ұжым өте ұйымшыл, жігіттер бір-бірінің сөзін жерде қалдырмайды».

Компания өнімін үнемі тұтынушыларға уақытылы жеткізіп отыратын Нұрсұлтан сияқты жүргізушілеріміздің орасан зор еңбегін бағалаймыз. Үнемі сапарда жүретін әріптесімізге ақ жол тілейміз!