kz Блог

МҰҒАЛІМНЕН — МАСТЕРГЕ ДЕЙІН!

Қызметкерлер
Мұхит Қанатұлы
наладчик
Физика-математика мектебінде биолог болып қызмет атқарған Мұхит Қанатұлы бір күнде өмірін түбегейлі өзгертіп, зауыттағы станокпен жұмыс істейтін болып шешім қабылдайды. Содан бері 20 жыл өтті. Оның бір кездегі таңдауы өміріндегі ең үлкен бетбұрыс болғанына еш өкінген емес.

«Мен негізі мұғаліммін. ҚазҰУ-ді бітіріп, қаладағы физмат мектебінде жұмыс істедім. Бірақ ол кезде жалақы аз, қағазбастылық көп болған соң өндіріс саласына бет бұрдым. Газеттен «требуется наладчик ТПА» деген жарнаманы көріп, бағымды сынап көргім келді.

Зауыттағы алғашқы жыл оңай болған жоқ. Мұхит бір айдың ішінде бар зейінін қойып үйренеді. Өндірістегі қызықты әрі қауіпті сәттерді басынан өткізіп мол тәжірибе жинайды.

«Бірде станок қызып, жарылып кете жаздады. Бастығым, Сергей Константинович, екеуміз жұмыс істеп жатқанбыз, кенет бөлмені түтін басып түк көрінбей кетті. Екеуміз станоктан секіріп түстік. Сонда бастығымның үрейлі дауысы әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді: «Мұхит, тірісің бе? Тірісің бе?» – деп айқай салды. Осындай сәттер қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау керек екенін үйретті».

Алғаш жұмысқа кірген сәттен бастап бұл өндіріс орны оның екінші үйі сияқты болды. Жылдар өте келе ол маңдай терімен жеткен еңбегінің жемісін көріп отыр.

«Ұмытылмас сәт – шефтің барлығымызға: «Хочу вам подарить квартиры» дегені. Сол сөзді естігенде бәріміздің таңданысымызды көрсеңіз. Бұл енді ұзақ жылғы еңбекті бағалау деп білемін. Бұрын-соңды осындай компания үй сыйлады дегенді ешқашан естіген емеспін Жұмыстың арқасында баспаналы болдым».

«Қазір бір Husky станогы бір күнде 180 мыңнан астам ПЭТ-преформа шығарады. Әр ауысым сайын өндірілген өнімге қарап, еңбектің нәтижесін көру – мен үшін үлкен қуаныш».

Мұхит Қанатұлының өмірі – әр адамға ой саларлық. Бір батыл шешім кейде ең үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бастысы – қорықпай қадам жасау, еңбек етіп, тәжірибе жинау.