Жұмыста тиянақтылығымен, өмірде адалдығымен өзгелерге үлгі бола білген жандардың бірі – Ерімбетов Мырзалы. Ол «GALANZ bottlers» компаниясында жүк тасушы қызметінен бас инженердің орынбасары лауазымына дейін көтерілді.
«Алғаш рет 2006 жылдың 26 желтоқсанында жүк тасушы болып орналастым. 3 айдан кейін реттеуші, 3 жылдан кейін механик болдым. 2016 жылы бас механик лауазымына көтерілдім. Былтыр жазда басшылық Бас инженердің орынбасары қызметіне тағайындады.
Әуел баста мен бұл компанияда 2-3 жыл жұмыс істеймін де, ауылға қайтам деп ойлағам. Бірақ, биыл осы компанияда жұмыс істегеніме 17 жыл толады. Осы уақытқа дейін байқағаным, ұжымда ешкім, ешқайда кеткісі келмейді, ұйымшылдық, достық, сыйластық күн сайын артып жатыр».
«Жұмыс, жұмыс» деп ұзақ уақыт бойы сүрбойдақ болып жүрген Мырзалы Ерімбетов тағдырдың жазуымен жұмыста «қарындасым» деп жүрген сүйкімді аруға үйленіп, бақытты отбасын құрады.
«Әріптестерімнің көбі келіншегіме «аға» деп жүріп, басын айналдырып алдың деп қалжыңдайды. Бойдақ кезімде жұмыста жүрген ұнайтын, тіпті үйге асығу, ертерек бару деген ой болған емес. Қазір жұмыс біте салысымен үйге асығамын. Алдымнан ұлдарым жүгіріп шыққанда, шаршағанымның бәрін ұмытып кетем. Кейінгі жастарға үнемі ертерек үйленіңдер деп айтып жүрем».
«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген даналық сөз біздің әріптесіміздің болмысына дәл айтылғандай. Осындай адал қызметкерге тек бақ-береке тілейміз».