kz Блог

«Galanz bottlers» компаниясының коммерциялық директоры

Қызметкерлер

ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТКЕН 100 ТЕҢГЕ

2007 жылы студентпін, ЖОО-да оқып жүріп, сырттай оқуға ауыстым. Жұмысқа тұрғым келді. Қалтамда небәрі 100 теңге бар, қалтамдағы соңғы ақшам, соған газет сатып алдым. «Хрустальная» деген компанияға көлік айдайтын жүргізуші қажет деген жазуға бірден көзім түсті. Компанияға келіп жүргізуші болып орналастым. Үш айдан кейін бір жағдайларға байланысты жұмыста қысқарту жүреді. Егде жасқа келіп қалған, шамамен 55 жастан асқан, бір аяғы жоқ әріптесімізді қысқартпақшы екен. Соны естіп бірден бастыққа кірдім де «ол кісіні емес, мені қысқартыңыздар» дедім. Себебі мен әзірге студентпін, бұл жұмысқа уақытша тұрдым, арыз жазып өзім шығам дедім. Сөйтіп мен жұмыстан шықтым, бірақ біраз уақыттан кейін компаниядан қайта хабарласып тағы бір вакансия бар сен сол жұмысқа кел деп шақырды. Жабдықтау бөліміне көмекші болып жұмысқа тұрдым. Сол бөлімде 1жыл күндіз-түні жұмыс істедік.
ШЫН ТАЛЫП ҚАЛДЫ МА ӨЗІ?
Менің өз ойым, адам қандай жұмыс істесе де, ол сол жұмыстың патриоты болу керек. Беріліп істесең оның қайтарымы да болады. Басқаларды білмеймін, бірақ мен өзім солай жұмыс істеймін. Жүк тасушы жетпей ме, жүк те тасимын, арба да итеремін, сатушы да боламын. Жабдықтау бөлімінде жұмыс істеп жүріп, талып қалған кезім әлі күнге дейін есімде. Ол кезде жаспын, жұмыс, жұмыс деп жүгіріп жүрген кезім. Түскі ас ішуге уақыт болмай, шапқылап жүріп, басым айналып құлаппын. Бетіме су бүркіп тұрғызған кезде бірақ есімді жидым. Сол оқиғадан кейін, жұмыстан арыз жазып кетем деп ойладым. Басшылыққа кетем деп айтып едім, айлығымды бірден 25% -ға көтерді. Сол кезде кейбіреулер ойлапты әдейі істеді деп, бірақ менің ондай ойым болған жоқ, шынымен шаршап кеткен соң жұмыстан кетем деп ойладым. Жабдықтау бөлімінен кейін, Шамалғандағы қойманың бастығы болдым. Айлығым жақсы, астыма көлік береді, қарамағымда 40 адам жұмыс істейді. Сол бөлімді басқарып жүріп Maxi чайды ең алғаш өңірлерге жібердік. Шәйді вагонға тиеудің алғаш нұсқаулығын жасадық. Ең алғашқы вагонды әбігер болып әзер тиегенбіз. Әрбір упаковканы сызғышпен өлшеп, бірдей тиелуін қадағалап, вагонға тиелу технологиясын өзіміз жасағанбыз. Кейін бір вагоннан бастап, күніне он вагон тиейтін болдық.

ЕНДІГІ МАҚСАТ - ЭКСПОРТ

Қазір бүкіл Қазақстан бойынша «Маxi Чайдың» сату бөлімін басқарамын. Қол астымда 850 адам жұмыс істейді. Қырғызстанда филиалымыз бар. Өзбекстаннан филиал ашпақшымыз. Ресеймен жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Калининград, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск қалаларына тауар жіберіп жатырмыз. Осы бағыттарда сусындарды сатуды қолға алып, дамытамыз.

MAXI ЧАЙДЫ 120 МИЛЛИОНҒА САТУ

2009 жылы бастық мені қалаға коммерция бөліміне ауыстырды. Сатудан еш хабарым жоқ. Шамалғанда бастық боп жүріп, енді барахолкада «Махі Чай» сата бастадым.
2010 жылы маған өнімді 20 миллион теңгеге сат деген жоспар қояды. Біз оны 40 миллионға дейін саттық. 2011 жылы маған 60 миллион сат деген жоспар қояды. Біз 120 миллионға саттық. «Маxi Чайдың» сатылымын көтердік. Ең басты көңіл аударатын нәрсе бұл - отандық өнім. Біз тауарды ұсынған кезде де осыны айтамыз.
Отандық өнім алсаңыздар, еліміздің болашағына, дамуына үлес қосасыздар, зауыттар ашылып, жұмыс орындары көбейеді деп түсіндіреміз. Қазір қазақстандық сусынның шет елде танылуына ат салысып жатырмыз. Барахолкада халықтың ортасында жүресің, қызықты жағдайлар көп болады. Бір күні арбаға көп «Маxi Чай» тиегенбіз, жүк тасушымыз қиналып келе жатыр екен, көмектесіп жіберейін деп мен де итерістім. Дәл сол уақытта сыртымнан бір сыныптасым көрген екен. Кешкісін маған телефон шалып, «Арба итеріп жүргеніңді көрдім. Мына түрің не? Сен жақсы оқитын едің, сыныптың мақтанышы, старостасы едің ғой», - деп жылап тұр. Ақталған да, түсіндірген де жоқпын. Себебі мен үшін еңбектің үлкен-кішісі жоқ, бәрі құрметке лайықты. Екі жыл солай барахолкада жұмыс істедік.
Компания 2014 жылы тоңазытқыш шығаратын цех ашты. «Айго» деген атаумен тоңазытқыш шығарамыз. Қытай тілінен аударғанда «патриот» деген мағына береді. Сол тоңазытқыштарды сұрап алып, барахолкаға қойып, сауданы арттырдық.

ҰШАҚТЫ ТІЗГІНДЕУ БҰЙЫРМАДЫ

Бала күнімде ұшқыш болуды армандайтынмын. Бірінші мамандығым авиациялық инженер еді. Бірақ сол мамандық бойынша мүлдем жұмыс істемедім. Екінші оқуды корпоративтік менеджмент бойынша бітірдім. Бұл мамандықты компанияға келгеннен кейін, біліктілігімді арттыру үшін оқыдым.«Galanz bottlers» компаниясының маған берген ең қымбат дүниесі - мен әбден ысылған, кәсіби білікті маманға айналдым. Екіншіден, осы компаниямен бірге өстім, өндім, отбасылы болдым. Үшіншіден, 2013 жылы компанияға қосқан үлесім үшін Тұрсынғали Тұрымұлы маған арнайы көлік сыйлады. Бұл сыйлық менің жұмыс істеуге деген құлшынысымды одан сайын арттырды.