kz Блог

20 ЖЫЛДЫҚ ЕҢБЕКТІҢ СЫЙЫ

Қызметкерлер
Әсем Ердембекова – Galanz Bottlers компаниясының еңбекқор, тәжірибелі операторларының бірі. Ол 2005 жылы небәрі 22 жасында ауылдан Алматыға қоныс аударып, cіңлісінің шақыруымен осы кәсіпорында жұмысын бастаған. Бүгінде оның еңбек өтілі – 20 жыл.

«Ауылда жұмыс болмады. Сіңілім: «Жүр, бізге жұмысқа тұр» - деп, қалаға шақырды. Солай келіп едім, көзді ашып-жұмғанша 20 жыл өтіп кетіпті. Уақыттың қалай зырғып өткенін өзім де байқамай қалдым».

Жұмыс барысында Әсем өнім сапасын қадағалап, станоктың тоқтап қалмауын бақылайды. Ол өз ісін адал атқарып, еңбек тәртібін қатаң ұстанады.

«Жұмысым тыныш, бірақ жауапкершілігі көп. Кейде түнгі смен қиындау болады. Смендік режиммен істейміз: бір күн күндіз, бір күн түнде, сосын екі күн демалыс. Осылайша 12 сағат бойы станокта отырасың. Қиындығы болса да, үйреніп кеттім. Басқа жұмыс іздеп кетпегенімнің себебі де осы – өзіме ыңғайлы».

Әсемнің тұрақтылығы, сабырлығы мен төзімділігі оны ерекше марапатқа жеткізді. Компания оған пәтер сыйлады. Бұл жаңалық оның өміріндегі ең үлкен қуаныш болды.

«Кілтті қолыма алған сәтімді сөзбен жеткізу қиын. Анама көрсеткенде жүрегі тоқтап қала жаздады. Қуаныштан жылап жіберді. Туысқандарым түгел хабарласып, құттықтап жатыр. Әлі күнге дейін өзім сене алмай жүрмін».

Әселдің басты арманы – жаңа баспанасын әдемілеп жөндеп, ұлын үйлендіріп, сол шаңырақта немере сүйіп отыру.

«Жиырма жыл жалдамалы пәтерде тұрдым. «Қашан өз үйім болады екен?” деп армандайтын едім. Бағалар өсіп кеткен соң, тіпті күдерімді үзген кездерім де болды. Еңбегімізді ескеріп, бағалай білген компания басшылығына алғысым шексіз».