kz Блог

«MАХІ ЧАЙ»-ДЫҢ АРҚАСЫНДА ҮЙЛІ БОЛДЫМ

Қызметкерлер
Арайлым Бекмаханқызы
микробиология лабораториясының меңгерушісі
Біздің компанияның басты мақсаты – дәмді әрі қауіпсіз өнім шығару. Осы бағытта тынбай еңбек етіп жүрген жанмен таныс болыңыздар – микробиология лабараториясының меңгерушісі Арайлым Бекмаханқызы.

«2014 жылы ауысымдағы микробиолог маманы болып жұмысқа тұрдым. Ол кездегі бастығым Индира Сатбекова жұмысқа сондай талапшыл, қатал, суық болып көрінетін. Мен жаспын, тым сезімтал болдым, барлық нәрсені жүрекке жақын қабылдайтын едім. Бір кездері жұмыстан шығам деп оқталғанда, тәжірибиесі мол, жасы үлкен жанашыр әріптесім: «Арай, эмоция үстінде шешім қабылдама, шыда!» – деп басу айтты. Сол бастығым қанша қатал болса да, қазір сол кісіге өте ризамын, себебі менің жұмыста пісіп, нағыз маман болуыма септігін тигізіп кетті. Жұмыстан кетер кезінде өз орнына мені ұсынды. Сонда ғана не себепті талап қойып, ерекше қатал болғанын түсіндім. Өмірімде сондай ұстаздың болғанына мың алғыс».

Микробиология лабораториясының жұмысы азық-түлік өнімін шығаруда өте маңызды, себебі түрлі бактериялар адам денсаулығына әсер ететіні сөзсіз. Жылдар бойы жауапкершілік жүгін терең сезінген Арайлым Бекмаханқызын зауыттағы жұмыс әбден шыңдады. Қажырлы еңбектің қайтарымы болатыны да заңдылық.

«Әке-шешеммен бірге тұратын едім. Ипотека рәсімдеп, үй алуға ұмтылдым. Жалақым аз болғандықтан банктің талаптарынан өте алмай қалдым. Сол кезде бастықтарға айтып едім, бірден қол ұшын созып, қосымша жұмыс тауып беріп, еңбекақымды көбейтті. Енді гарант қайдан табам деп уайымдап жүргенде, компанияның осындай орасан зор көмегі тиді. Осылайша, «Mахі Чай»-дың арқасында үйлі-күйлі болдым».