Компаниялардың басым бөлігі жоғары лауазымдарға сырттан білім алған, тәжірибесі мол мамандарды тартады. Ал Galanz bottlers компаниясының ұстанымы өзгеше, өйткені мұнда ең алдымен өз қызметкерлеріне сенім артып, олардың кәсіби тұрғыда дамуына жағдай жасайды. Соның айқын дәлелдерінің бірі – техникалық директор Марат Абдығапаровтың еңбек жолы.
«Басшылыққа риза болатыным, цехтағы қарапайым қызметкерлердің осындай үлкен лауазымға көтерілуіне мүмкіндік береді. Басқа жерлерде ондай жоқ. Мамандарды сырттан іздейді, жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан жандарға мотивация бермейді».
Бұл тек пікір емес, өмірмен дәлелденген шынайы тәжірибе. Марат 2007 жылы компанияға механиктің көмекшісі болып жұмысқа орналасып, табандылығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында бүгінгі күні техникалық директор лауазымына дейін көтерілді.
«Әр тапсырма уақытында орындалып, уақытында бақылауға алынып, міндетті түрде кері байланыс болу керек деп ойлаймын. Қызметкер қандай да бір мәселемен жүгінген кезде, жұмысқа қатысты болсын, тіпті жеке отбасылық жағдайға қатысты болсын әрбір сұрақ жауапсыз қалмауы тиіс».
Шетелдік іссапарлар да Мараттың кәсіби дамуына елеулі ықпал етеді. Әрбір іссаппар қызықты оқиғаларымен есінде қалды.
«Екі жыл бұрын Парма қаласында асептикалық жүйе бойынша оқыдық. Сол кезде бізге болашақта орнатылатын розлив желісін көрсетті. «Шынымен біздің жабдық па?» деп күмәнданып, бір бұрышын маркермен белгілеп кеткенбіз. Кейін Қазақстанға келгенде ашып қарасақ, дәл өзіміз қойған белгісі бар екен. Солай тексергеніміз есімнен кетпейді».
Марат үшін GALANZ bottlers – тек жұмыс орны ғана емес, өмірінің маңызды бөлігі. Cебебі ол бұл жерде өмірлік серігін кездестіріп, шаңырақ көтереді. Жұбайы қазір отбасының ұйытқысы болып, бала тәрбиесімен айналысып отыр.
«Біз төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлым өткен жылы GALANZ bottlers компаниясының бағдарламасы аясында Алматы инновациялық колледжіне грантқа түсіп, білім алуда. Қазір өндіріс саласының мамандары өте тапшы. Сондықтан мен ұлдарыма әрдайым болашағы бар, сұранысқа ие мамандықты таңдауға кеңес беремін».
Мараттың қажырлы еңбек жолы кейінгі буынға өнеге болмақ. Бұл жол үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің айқын көрінісі.