«Ай сайын жалақыңнан пәтердің ақысын ұстап қала ма?» – деген сұрақ Айгүл Көшербаеваға жиі қойылады екен. Себебі Айгүл былтыр 100 пәтер иеленген қызметкерлердің бірі. Ол зауытта 2011 жылдан бері аянбай еңбек етіп келеді.
«Ай сайын ешқандай төлем ұстамайды. Пәтерді басшымыз Тұрсынғали Алагөзов мырза бізге тегін сыйлады» – десек, таң қалады.
Айгүл зауыттағы еңбек жолын бракёр қызметінен бастаған. Біраз жылдан кейін бригадир болады. Ал 2019 жылы шикізат және материал контролері лауазымына дейін көтеріледі.
«Осы жылдар ішінде талай қызықты сәттерді де, түрлі қиындықтарды да бастан өткердік. Линияға алғаш тұрған кезде қатты қобалжыдым, тіпті жұмысты алып кете алмаймын ба деген ой да келді. Бірақ тәжірибелі әріптесім барлығын үйретіп, қолдау көрсетті. Соның арқасында жұмысқа тез бейімделіп кеттім. Бүгінде мен үшін «Махi Чай»-да еңбек ету – үлкен мәртебе».
Айгүлге бұл баспана қажырлы еңбекпен келген. Себебі өндірістегі еңбектің кеңседегі қызметтен әлдеқайда ауыр екенін біреу білсе, біреу білмес. Зауыттағы ыстық ауа мен үздіксіз өндіріс шуы бұл жұмыстың қаншалықты қиын екенін аңғартады.
«Шай қайнатылғандықтан, цехтың іші үнемі ыстық. Көп адамдар ыстыққа төзе алмай, жұмыстан кетіп жатты. Жұмысқа жаңадан келгендерден: «Давлениеңіз бар ма?» – деп сұраймыз. Себебі давлениесі бар жандарға ыстықта жұмыс істеу қиын».
Өндірістегі жұмыс 24/7 тоқтамайды. Сондықтан қызметкерлер күндіз ғана емес, түнгі ауысымда да еңбек етеді.
«Түнгі ауысым оңай емес. Жұмысқа міндетті түрде жақсылап демалып келу керек. Таңғы төрттер шамасында ұйқы қыса бастайды. Сергек болу үшін линияны жиі айналамын. Қайта-қайта обход жасаймын. Өйткені бір сәт босаңсысаң, өнім «брак» болып шығуы мүмкін. Арасында 5 минуттан салқын душ қабылдап, бетімізді суық сумен жуып тұрамыз».
Зауыттағы ыстыққа да, ұйқысыз түнгі ауысымға да төзіп, 15 жыл бойы ісіне жауапкершілікпен қараған Айгүлдің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ендеше, әріптесімізге маңдай термен келген қонысы берекелі, мерекелі болсын деп тілейміз!