kz Блог

СҮРЛЕНГЕН СҮРБОЙДАҚТЫҢ СЫРЫ

Қызметкерлер
Нұрбек Ахметжанов
механик-наладчик
Зауыттағы «зың» жігітпен таныс болыңыздар, өндірістегі білгір маман, білікті механик Нұрбек Ахметжанов. Бір кездегі 21 жастағы желең жігіт «Махi Чай» - ға 15 жылын арнап, талай жылдар бойы адал қызмет етіп, қазіргі таңда қамал алатын жасқа да келіп қалды.

«Басында жұмысқа жүк тиеуші болып кірдім. Ондай ауыр жұмыс істеп көрмеген соң, 3 күннен кейін бүкіл денем ауырды. Жұмыстан шыққым келген. Сонда анам: «Жұмыстың оңайы жоқ, ондай болады. Шамалы уақыттан кейін үйреніп кетесің, қиынсынбай біраз істеп көр» – деді. Бір ай жұмыс істегеннен кейін денемнің ауырғаны басылды. Жастардың көбісі шыдамай жұмыстан шығып кетіп жатты. Мен жарты жылдан аса жүк тиеуші болып істедім. Бір күні бригадир келіп, оператордың жұмысын ұсынды. Мен істеп көрейін дедім, себебі аппараттарға қарап, қызығып жүретін едім».

Төзім мен табандылық Нұрбекті мұратқа жеткізіп, мансабының өсуіне септігін тигізді. Тұрақты қызметінің арқасында үйлі болып, ұзақ жылдар бойғы әке-шешесінің арманын орындап, отбасын қуанышқа бөледі.

«2007 жылы қалаға көшіп келгенбіз, содан бері пәтер жалдап тұрдық. Менің ең басты жетістігім – жұмыста жүріп үй алдым. 2015 жылдан бастап банктен депозит ашып, ақша салып отырдым. 2020 жылы үйдің 50 % жиналғанда, несие рәсімдеп баспаналы болдым. Ай сайын жолға 20 мың алып қалам да, қалған жалақымды түгел депозитке салып отырдым».

Баспаналы болған әріптесіміздің ендігі арманы – үйленіп, отбасылы болу.

«Бұйыртса, келесі жылы үйленсем деген ниет бар. Үйленбегеннен кейін бәрі соған қатысты қалжыңдасады. Бір досым үйленбегенім үшін «шал» деп атайды. Тездетіп үйленіп жігіт атанбасам, үйленбей жатып «шал» атанып кеттім».