kz Блог

БАСПАНА СЫЙЛАҒАНЫНА ЕШКІМ СЕНБЕЙДІ

Қызметкерлер
Ғазиз Орманов
инженер ВС
Ғазиз Орманов еңбек жолын 2007 жылы қарапайым жүк тасушы қызметінен бастаған. Алғашқы 8 айда ол ең ауыр қызметті атқарып, өндірістік ортаға бейімделеді. Кейін оператор қызметіне ауысып, өндірістік процестің ішкі құрылымын меңгереді. Уақыт өте келе кара айдайды, одан кейін наладчик, жөндеу бригадасының слесарі және мастер-механик қызметтерін атқарады. Бүгінгі таңда ол – инженер ВС, кәсіпорындағы күрделі техникалық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін білікті маман.

«Менің негізгі міндетім – өндірістегі кез келген ақауды дер кезінде анықтап, жөндеп, жүйені қайта іске қосу. Біздің бригада кондиционерлеу және желдету жүйелерін сонымен қатар салқын сусындарға газ жіберу процесін бақылауда ұстайды. Істен шыққан жағдайда бірден барып, реттеп, іске қосамыз».

Ғазиз жаңа жобаларды іске асыруға әрдайым белсенді ат салысады. Өндірістік желілерді іске қосу үшін аянбай еңбек етеді.

«Жаңа жобалар әрдайым қызық. Барлық жобаларға қатысып келе жатырмын. Асептикаға да, Шымкенттегі «Maxi Чай» -ға да, соның бәріне қатыстым. Жаңа желіні іске қосқан кезде 1 сутка жұмыста жүрген кездер де болды. 2013 жылы СБО-14 линиясын орнату кезінде ерекше оқиға есімде қалды. Таңғы сағат 4-те 44 фура жабдық келіп, жүкті түсіріп жаттық. Сол кезде бір әріптесімнің қолына темір түсіп кетіп, оны ауруханаға апардық. Жұмыста кейде осындай қиындықтар да болады».

Былтыр компания басшысы Тұрсынғали Алагөзов Ғазиздің ұзақ жылдар бойғы еңбегін бағалап, баспана сыйлайды. Бұл – оның адал еңбегінің шынайы жемісі еді.

«Үй алғанымызға ешкім сенбейді. «Шынымен берді ма?» – деп сұрайды. Кілтті көрсеткен кезде ғана сеніп, құттықтап жатты. Әрине, үй сыйлайды деп ешкім күткен жоқ. Еңбегімізді құрмет тұтып, бағалап жатқан басшымызға рақмет».

Кейде ең үлкен марапат – күтпеген сәтте келеді. Ғазиз Ормановтың оқиғасы адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайтынын дәлелдейді. Компаниядағы әрбір жетістіктің артында осындай өз ісіне берілген жандар тұр.