kz Блог

ПАРАШЮТПЕН СЕКІРІП, БАСТЫҚ БОЛДЫМ

Қызметкерлер
«Несібең ниетіңе қарай беріледі» - деген сөздің жаны бар. Бүгінгі әріптесіміздің жетістікке жету жолы таңғажайып оқиға сияқты, себебі небәрі екі жылдың ішінде биік мансапқа жетті. Таныс болыңыздар, «GALANZ bottlers» компаниясының аймақтық директоры – Әлібек Бекенов.

«2022 жыл – мен үшін есте қаларлық кезең. Бір жылдың ішінде 3 лауазымда жұмыс істедім: супервайзер болып жүрген жерімнен аумақтық менеджер болдым, жылдың соңында аймақтық директор лауазымына тағайындалдым. Жеке өмірімде де үлкен өзгерістер болды. Сүйікті адамымды кездестіріп, отбасын құрдым. Бір қызығы: жақсы жаңалықтың бәрі бала күнгі арманым орындалған – парашютпен секірген сәттен кейін жүзеге аса бастады. Сол кездегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Қалықтап ұшып, бәрін биіктен бақылап тұрғандай керемет сезім, нағыз еркіндік».

Әлібек - нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Мінезі көркем, ортасына сыйлы, аң аулап, балық аулайды, әншілігі тағы бар. Өз ісіңе адал болсаң, алар сыйың да мол болады деп сенеді.

«Жұмысқа кірген кездегі мақсатым супервайзер болу еді. Бірақ бос орын болмаған соң, сауда өкілінен бастадым. Бар ынтамды салып, жақсы көрсеткіштер көрсеттім. 5 айдан кейін мені ешбір байқаусыз, тәжірбиемді ескеріп, супервайзер лауазымына тағайындады. Сол кездегі қуанышымда шек жоқ, сүйінші сұрап анама хабарластым. Анамның да көңілі босап, батасын берді. Негізі, ананың ақ батасы мен ризашылығы жол ашады екен. Қызметкердің еңбегін бағалағаны үшін компания басшылығына да ерекше алғыс айтқым келеді».

Білікті басшы тиімді сауда жасаудың құпиясымен де бөлісті.

«Сауданың ең басты қағидасы - тауарды сатып қана қою емес. Мен өз басым өнімді халыққа барынша насихаттап, таратып, тұтынушыға жеткізетін қызметкерді бағалаймын. Саудада алғашқы 5 секунд өте маңызды рөл атқарады. Бұл дегеніміз дүкенге кірген кезде сенің тауарың 5 секундтың ішінде көзге түсу керек. Осы нәрсені істей алатын адамға жоспар жабу да немесе басқа міндеттерді орындау қиынға түспейді».

«GALANZ bottlers» компаниясы коммерция департаментінің ең жас басшысына биік белестерді бағындыруды тілейміз!