kz Блог

АНАЛЫҚ МЕЙІРІМГЕ БӨЛЕГЕН ЖАН

Қызметкерлер
Жүрегі дархан, пейілі кең жандар біздің ұжымда көп. Солардың бірі әрі бірегейі – «GALANZ bottlers» компаниясының есеп-қисап менеджері Фарида Өлмесекова. Қазіргі заманда бір емес, екі бірдей жетім баланы бауырына басу кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік.

«Қайынағамның қызы былтыр жол апатынан қайтыс болды. Артынан 2,5 және 1 жастағы екі кішкентай қызы қалды. Бала асырап алу үлкен жауапкершілік қой, ойландым, күйеуіммен ақылдастым. Сөйтіп, қамқорлық органынан қызметкерлер келген кезде екі қызды асырап алсақ деген ниетімізді білдірдік».

Үш ұлы бар Фаридаға осылайша құдай тағы екі қыз сыйлады. Жұмыстан 2 ай демалыс алып, бүлдіршіндер үйренсін деп қастарында болған. Кейін бала-бақшаға орналастырды. Кішкентай бала жиі ауырады, қайта-қайта ауруханаға жүгірген сәтте қолдау көрсеткен әріптестеріне Фариза Әбдікәрімқызының алғысы шексіз.

«Ұжымым керемет. Алғашында бракёр болып жұмысқа кірдім. 2 жылдан кейін бригадир, 2014-2018 жылдар аралығында ауысымдағы шебер болдым. 2018 жылы есеп-қисап менеджері лауазымына тағайындалдым. Біздің саладағы жұмыста кідіріс болмауы керек. Сондықтан өзіме артылған жауапкершілікті ерекше сезінемін».

17 жыл бір мекемеде тапжылмастан жұмыс істеудің өзі Фарида ханымның тиянақтылығы мен тұрақтылығын білдіреді. Ер жетіп, есейген ұлдары қазір өзіне қолғанат, анасымен бірге зауытта еңбек етіп жүр. Былтыр «Махi Чай» брендінің туған күнінде Фарида Әбдікәрімқызы алтын төс белгімен марапатталды. Қажырлы еңбек пен адал жүрекке лайықты марапат деп білеміз!