kz Блог

БІЗДІҢ ШЕБЕР – ФОТОМОДЕЛЬ

Қызметкерлер
Кішкентай күнінде дәрігер болуды армандаған Жанат Әлиева – бүгінгі таңда «GALANZ bottlers» зауытының ауысым шебері. Зауытта 13 жылдан аса қызмет етіп, маңызды міндетін абыроймен атқарып келеді. Назар аударсаңыздар, дәліздегі суретте фотомодель емес, Жанаттың дәл өзі. Суретке қарап 10 жыл бұрын бригадир болып қызмет еткен кезі еріксіз есіне түседі.

«Күндізгі сменде жұмыс істеймін, басшылық аяқ астынан суретке түсесің деп айтты. Қазір міне естелік ретінде зауытта ілініп тұр. Көрген сайын бір мақтаныш сезімі кернейді».

Жанат Қуанышбайқызы өндірісте көбіне ер азаматтармен иық тіресе жұмыс істейді. Бір ауысымда 21 адам, олардың әрқайсымен тіл табыса білу керек. Жанаттың өзі ең алғаш жұмысқа тұрған кезде компания басшылығының жастарға деген қарым-қатынасы ерекше тәнті еткенін айтады.

«Бізге кешкі уақытта Тұрым Алагөзовтің өзі обход жасап келуші еді. Сменде бір күні линияда менің кезегім болды. Әрбір бөтелкедегі этикетканы қолмен түзеп отырған едім. Сол кезде бір бөтелкені алып келіп: «Қызым этикетканы байқамай қалдың» - деді. Сасып қалдым, бір жағынан қорқып та тұрмын. Ол кісі амандасты да, мейірімді дауысымен: «Қызым, брак жіберме, мұқият бол!» - деп, қолыма бракты ұстатып кетті. Осы компания президентінің әкесі бола тұра, жұмысшылармен өте жылы шырайлы сөйлеседі деп таң қалатынбыз».

Жанаттың жұмысқа берілгені соншалық, компания шығаратын өнімнің бәрін кез келген жерде жарнамалап жүреді. Оның таныстары «Махi Чай»-дың бастығы келе жатыр, бүгін қандай сусынды жарнамалайды екен?» деп қалжыңдайды. Жанат Қуанышбайқызының әзіл-қалжыңға, бақыт пен берекеге толы ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз!