kz Блог

КАРА АЙДАУДЫҢ ХАС ШЕБЕРІ

Қызметкерлер
Берік Абаев
жүк тиейтін жүргізуші
Берік Абаев – кара көліктерін айдаудың хас шебері. «GALANZ bottlers» компаниясында 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Ол ең алғаш кара айдауды үйренген сәтін еш уақытта ұмытар емес.

«Ағам кара айдап жүргенін көріп қатты қызығатын едім, соған «үйретші» деп жалындым. Түнгі сменде жұмыс істеп жүріп айдайтын едім. Үйреніп жүріп қақпаны соққан сәтім есімде. Қақпа бірден майысып кетті. Есім шығып, қатты уайымдағанымды ұмытар емеспін. Ағам: «Байқап айдамайсың ба?!» – деп, ұрысты. Мен: «Кінәлімін, өзім ақысын төлеймін» – дедім. Жалақымнан төлеп, қақпаны қайта қалпына келтірдім».

Осылайша Беріктің бір кездегі кара айдауға деген қызығушылығы өмірлік кәсібіне айналды. Қазір жинаған тәжірбиесін жастармен бөлісіп жүр.

«Кара айдаудың өзінің ерекшеліктері бар. Кейбіреулер қатты көтеріп алады да, алдын көре алмай келе жатады. Сондай кезде қатты көтермеу керек екенін, соғылып қалмас үшін шетін ғана көтерсе жеткілікті екенін айтамын. Немесе бос паллеттерді алып бара жатқанда алды көрінбейді, ондай кезде артымен жүру керек деп көрсетемін. Караның бірнеше түрі бар: электрлі, газбен жүретін, бензин құятын, сондай-ақ дизельмен жүретін. Электрлі каралар ер адамдарға зиян дейді. Дизельмен жүретін каралардан түтін шығады. Маған бензинмен жүретін кара ұнайды».

Беріктің «GALANZ bottlers» компаниясында ұзақ уақыт жұмыс істеуінің басты құпиясы: «Жұмыс жағдайы қолайлы, жалақысы көңілден шығады» – дейді. Сондай-ақ, компанияның әрдайым қызметкерлер қажеттіліктерін ескеріп, елеп отыратындығын ерекше бағалайтыныдығын айтады. Өз тарапынан әлі де талай жылдар алаңсыз еңбек етуге дайын екенін ризашылықпен жеткізді.