kz Блог

БАСТЫҒЫМ ЖЕҢГЕТАЙ БОЛЫП, СЫРҒА ТАҚТЫ

Қызметкерлер
Гүлшат Адайбекова
Ақтау қаласының координаторы
Жұмыстағы бастығы жеңгетай болып, сырға тақты дегенді естігендеріңіз бар ма? «GALANZ bottlers» компаниясында бәрі мүмкін. Ақтау қаласының координаторы - Гүлшат Адайбекованың компанияда қызмет етіп келе жатқанына 12 жылдан асты, осы уақыт аралығында өмірінде елеулі өзгерістер болғанын жасырмады.

«Армандаған адамымды жұмыста кездестірдім. Айтады ғой, көрген кезде сол адам саған ыстық көрінеді деп, жолдасым ол кезде жүргізуші болып жұмыс істейтін, еңбекқорлық қасиетімен баурап алды, ішімнен ойлайтынмын: «осындай күйеуім болса ғой» деп. Бір күні бастығым тойға шақырды. Сол тойда жолдасым екеуміз жақын араласып, бір аптадан кейін үйлендік. Бастығым өзі ақкөңіл адам, өзі араласып, жеңгетай болып, өзі келіп сырға тағып, біздің отбасы құруымызға себепші болды. Кейін бізге ссудаға ақша беріп, үй алуымызға жәрдемдесті».

Мамандықты да, өмірлік жарды да дұрыс таңдаған әріптесіміз джекпот ұтып алғандай. Компанияда жұмыс істейтін әрбір қызметкердің маман ретінде өсіп өркендеп, жеке өмірде төрт құбыласы теңеліп жатқаны - қуантарлық жайт.

«Жұмыста болады кейде қыздардың күйеулері тойға, әріптестерімен бір отырыстарға жібермейді, ал менің күйеуім «постоянно зеленый свет», ол бір жағынан бірге жұмыс істегендіктен болар деп ойлаймын. Қазір 3 балам бар, бірақ бірде - бір рет декреттік демалыста отырған емеспін. Ең алғаш жұмысқа қоймашы болып келгенмін. Сол кезде офиста жұмыс істегім келетін, қыздардың қасына келіп, 1С бағдарламасына қызығушылық танытып, үйренуге талпыныс жасап жүрдім. Өзімнің мамандығым программист болғандықтан сол 1С -пен жұмыс істеген маған лайықты сияқты болды. Кейін оператор болдым, біраз жұмыс істегеннен кейін координаторлық қызметке ауысып алдым».

Жұмысына ерекше тиянақты әріптесіміз баппен жүріп, бәріне үлгереді, заман талабына сай жан-жақты болғанды ұнатады. Ақтаудағы өнімнің санағын жүргізіп, жұмысты үйлестіріп отырған Гүлшатқа ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көру бұйырсын деп тілейміз!