kz Блог

ҮЛКЕН БАСТЫҚҚА ҚОҚЫС КӨТЕРТІП ҚОЙДЫМ

Қызметкерлер
Күлмайра Байдалықызы
«GALANZ bottlers» компаниясында тазалық үшін тер төгіп жүрген жандар көп. Олардың ерең еңбегі күнделікті күйбең тіршілікте елене бермейді, бірақ кеңсенің шаңы сүртілмесе, тазалық талабы сақталмаса, барлық қызметкерлер зардап шегері сөзсіз. Жаңа жылда зейнет жасына келетін сондай құрметті әріптесіміз – Күлмайра Байдалықызы.

«Күйеуім қайтыс болғаннан кейін қайда барарымды, не істерімді білмей, абдырап қалдым. Жасым 53-те, еш жерге жұмысқа алмады. Мен өзі отырмайтын адаммын. Бұрын шахтада да жұмыс істедім, сауыншы да болдым. Қара жұмыс істеп үйренгенмін. 2015 жылы «GALANZ bottlers» компаниясына жұмысқа тұрдым. Алғысым шексіз, осы «Maxi Чай» -дың арқасында нанымды жеп, несиемді төлеп отырмын».

«Табалдырықтан бастап бәрі таза болсын» - деген ниеті таза әріптесіміздің еңбегі де адал. Майра апайдың ендігі тілегі – бейнетінің зейнетін көру.

«Абыройымды түсіріп алмайын деп барымды салып еңбектенем. Қандай қиын болса да, мойынсұнбай істей берсе, «Maxi Чай» бәрін бағалайды. Осы уақытқа дейін екі рет алғыс хат алдым. Жыл сайын жаңа жылдың қарсаңында азық- түлік береді. Бастығымыз жайлы, ұжымымыз сондай ұйымшыл».

Күлмайра Байдалықызы жұмысқа жаңадан кірген кездегі қызықты бір жағдайды әлі күнге дейін ұмытар емес.

«Қоқыс шығарып жатқан едім, бір жас жігіт: «Көмек керек пе?» – деп сұрады. «Ия» - деп басымды изеп едім, қоқыс пакетінің екінші жағын көтерісіп, көмектесіп жіберді. Бір кезде күзетші жүгіріп келіп: «Ойбай, апа, сіз не істедіңіз?» - деді. «Не істеппін, мусор шығара алмай жатырмын» - дедім. «Жаңағы кісі бастық қой» - дейді. «Танымадым, жұмысқа жаңадан тұрып едім» - дедім. Артынан Тұрсынғали Алагөзов екенін естіп, ұят болды-ау деп ыңғайсызданып жүрдім. Үлкен кісі деп, жасымды сыйлап, ізеттілік танытқанына рақмет айтқым келеді».

61 жасты еңсерген ана бір кісідей тағдыр тауқыметін көрсе де, өміріне, бала-шағасына, әріптестеріне дән риза. Бір өкініштісі: зейнет жасына жетсе де, осы күнге дейін аядай 1 бөлмелі пәтерді 6 адам жалдап тұрып келе жатқаны жаныңа батады.

«Грэсте 50 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Балам, келінім, 3 немереммен бірге тұрам. Үйлі болсам деген арманым бар. Өз шаңырағыңда тұрғанға не жетсін!»

Ақ көңілді әріптесімізге жаңа жылда армандарының орындалғанын тілейміз!