kz Блог

СТАМБУЛ ӘУЕЖАЙЫНДА АДАСЫП КЕТТІМ

Қызметкерлер
Нұрболат Байжұмаев
слесарь-механик
Адал еңбек адамды ер атандырады, ұрпаққа үлгі етеді. Қолынан іс келетін Байжұмаев Нұрболаттың «GALANZ bottlers» компаниясында еңбек етіп келе жатқанына 10 жылдан асты.

«2012 жылдан бері қандай жұмыс тапсырады, соның бәрін атқарып келдім. Үш жылдан кейін сантехник болып жұмыс істеген әріптесім зейнетке шығып кетті. Сол кісінің орнына мен сантехник болдым. Басында бұл жұмыстың қыр-сырын дұрыс білмейтін едім. Қол жуғышқа смеситель орнату үшін күні бойы алысқаным есімде. Істей алмай, көп қиналдым. Сөйтсем титтей нәрсені кері қоя салу керек екен. Сол сабақ болды, бірақ кейіннен қалғандарын жасау оңайға түсті».

Іскер, ұстамды, өз ісіне мұқият, мінезі жайсаң Нұрболат басшылық тарапынан мақтау қағазын алып, еңбегінің әрдайым бағаланып жатқанына дән риза. Сондай-ақ әріптесіміз былтыр үздік қызметкерлер тізіміне еніп, Түркияға регатаға барып келді.

«Осы жұмыстың арқасында шет елге шығып, жер көрдік, ел көрдік. Регатаға кетердің алдында бәрімізге бірдей униформа берді. Барлық жерде ұжымнан қалмай, өзім сияқты киінген әріптестеріммен бірге жүрген едім, бір кезде қалай көз жазып қалғанымды білмей қалдым. Ешкім жоқ. Тіл білмейтін мен әбден уайымдай бастадым. Бір жақсысы әйтеуір қолымда билет болған, соны көрсетіп, ұшатын жерді таптым. Сөйтіп Стамбулдың әуежайында адасып кетіп, әріптестерімді әрең тапқаным бар».

Бойдақ қыздардың құлағына алтын сырға: бір жерде тұрақты қызмет етіп келе жатқан әріптесіміз бойдақ. Ендігі арманы үйге келін түсіріп, отбасылы болу екен.

«Әлі жан жарымды кездестіре алмай жүрмін. Қыздармен сөйлестім, кездестім, дәм-тұзымыз жараспады. Бірақ үміт бар. Бастысы, жұмысым өзіме ұнайды, басқа компанияда қызмет етіп көрсем деген ой мүлдем жоқ. Кейде жұмыста балалар қалжыңдайды, сен осы «Maxi Чай»-да жүріп пенсияға шығасың деп. Несі бар, амандық болса істей берсем деймін. Еңбегімізді бағалап, шабыттандырып жатқан компания басшылығына, Тұрсынғали Тұрымұлына рақмет!»