Таныс болыңыздар, біздің ұжымның батыры – Айбек Ырымжанов. Күнделікті жұмыста міндетін атқарып жүрген Айбек «ерлік жасап, батыр атанам» деп мүлдем ойламаған еді. Ол «GALANZ bottlers» компаниясында бес жылдан аса көлік жүргізуші болып қызмет етіп келеді. Біздің компаниядағы жүргізушілердің жауапкершілік жүгі ауыр. Себебі заводтан шығатын сусындарды қала бойынша дүкендерге жеткізіп, тауардың ақшасын жинап, кассаға өткізуі тиіс. Сондай күндердің бірінде Айбекті ұры-қары бас салып, тапаншасын таяйды. Өмір мен өлімнің қас-қағым сәтінде көз алдына отбасы келеді.
«Басында ұры деп ойламадым, қасымда жүк тиеуші әріптесім болған, сол қалжыңдап тұрған шығар деп ойладым. Тек пистолет таяған кезде өміріме қауіп төнгенін түсіндім. Бірден әрекет етуге тырыстым. Қолынан шап бердім, бар ойым: оқ атылса, өзіне қарай атылсын деп, қолын бұрадым. Менен бұндай оқыс әрекетті ол да күтпеді. Күні бойы кассаға жиналған қаражатты қорқып бере салады деп ойлаған болу керек».
Қас-қағым сәтте бойындағы қорқынышын жеңіп, қайсарлық танытқан Айбектің батыл әрекеті өзгеге үлгі болмақ. Бала күнінде бокспен айналысып, былғары қолғап шебері болуды армандаған әріптесіміз – бүгінгі күннің нағыз батыры. Компания атынан Ырымжанов Айбекке қаржылай сыйақы да тағайындалды. Абыройы үшін адал еңбек етіп жүрген осындай азаматты мақтан тұтамыз!