kz Блог

БӨТЕЛКЕДЕГІ «БРАКТЫ» БАЙҚАМАЙТЫН МАМАННЫҢ ХИКАЯСЫ

Қызметкерлер
Ұлдан Қуанышева
есеп менеджері
Өндірістегі жұмыс кеңседегі жұмыстан өзгеше. Біздің зауытта бөтелкедегі ақауды бірден байқайтын қас шеберлер бар.

«Зауытқа алғаш келгенде ештеңе түсінбедім. Цех ыстық, линия тоқтамайды, бәрі жылдам. Қыздар бракты зуылдатып алып жатыр, ал мен қарап тұрамын. «Қай жері қисық?» – деп түсінбеймін. Кейін көзім үйренді, қисық крышканы да, бөтелкені де бірден көретін болдым. Өндіріс адамды өте ұқыпты етеді екен».

Ұлдан Қуанышева 2013 жылы зауытқа қарапайым жұмысшы болып келген. Бірақ жылдар өте келе ол учетчица болады, кейін бригадир, мастер, ал бүгінгі таңда ол есеп менеджері.

«Басында өндірістің тәртібіне таңғалатынмын. Тамаққа шығарда да киім ауыстыру керек. «Неге?» – деп сұрайтын едім. Кейін түсіндім: өндіріс жай жұмыс емес, бұл – үлкен жауапкершілік».

Ұлданның айтуынша, зауыттағы ең қызықты сәттердің бірі – үш ауысымның бір-бірімен жарыса жұмыс істейтін кезі еді. Қай ауысым көбірек паллет шығарады, кімнің көрсеткіші жоғары болады деген бәсеке олардың жұмысқа ерекше жігермен кірісуіне себеп болатын. Азартқа толы сол сәттерде уақыттың қалай өткенін де байқамай, жұмысты үлкен құлшыныспен аяқтайтын.

«Түнгі ауысымда шаршап тұрсаң да, «давай, давай!» деп бір-бірімізді қайрайтынбыз. Кейде уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың. Ал линия тоқтап қалса, бәріміздің көңіл-күйіміз түсіп кететін. Айдың соңында біздің ауысым ең көп паллет шығарып, премия алған кезде бір-бірімізді құттықтап, қуанатын едік».

Цехтағы жұмыстың тоқтаусыз жүруі көбіне мастердің қадағалауына байланысты. Сондықтан әр қызметкердің өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, медициналық бақылаудан өтуі – өндірістегі басты талаптардың бірі.

«Медициналық бақылаудан өтпеген қызметкерді цехқа кіргізбейміз. Мен мастер болған кезде бір жағдай болды: алкогольдің иісімен келген оператор бақылаудан өттім деп айтып, ауысымға кірмек болған. Содан кейін бәрін мұқият қадағалау керек екенін түсіндім. Егер байқамай қалсаң, жауапкершілік саған жүктеледі».

Бір кездері бөтелкедегі ақауды байқамаған қыз бүгінгі таңда өндірістің есебін жүргізіп отырған білікті маманға айналды. Ұлдан сияқты еңбек жолынан өткен қызметкерлер – компаниямыздың тірегі әрі басты құндылығы.