kz Блог

КӘСІП ПЕН МАХАББАТ ТОҒЫСҚАН МЕКЕН

2026-04-06 14:32 Қызметкерлер
Динара Жанайбекова
бас технологтың орынбасары
«GALANZ bottlers» компаниясы – тек өндіріс орны ғана емес, талай жанның тағдырын тоғыстырып, жүректерді табыстырған ерекше орта. Осындай қызметтестер арасындағы әдемі хикая Динара Жанайбекованың өмірін де күрт өзгертті.

«Мен бұл жерге 20 жасымда жұмысқа келдім. Сол кезде өмірлік жарымды дәл осы ортадан кездестіремін деп ойламадым. Мен лаборант болып еңбек еттім, ал ол механик еді. Ол кезде шашым сап-сары болатын. Кейін естідім, жолдасым алғаш көргенде: «Сары шашты қыздар маған онша ұнамайды» - деп айтқан екен. Қазір соны еске алып, күліп аламыз. Бірге жұмыс істеп жүріп танысып, араласып, ақыры отбасын құрдық. Бүгінде қызғалдақтай жайқалған бес қыздың ата-анасымыз».

Динараның еңбек жолы осы компанияда қалыптасып, жылдар өте келе мансабы да биік белестерге көтерілді. Лаборант қызметінен бастаған ол өндірістің барлық кезеңін жетік меңгеріп, бүгінде бас технологтың орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.

«Алғашқы жылдары жұмысқа Қапшағайдан қатынап жүрдім. Әлі есімде, қызметкерлерді тасымалдайтын көлік оңға қарай кеткенде, мен автобустан түсіп, жалғыз өзім солға қарай кететінмін. Себебі Қапшағайға қатынайтын көлік жоқ еді. Ол кезеңдер оңай болған жоқ. Завод қайда көшсе, мен де бірге көшіп, барлық қиындықты бірге өткердім. Сол сынақтар мені әбден шыңдады».

Компания тек мансап пен махаббат сыйлап қойған жоқ, Динараның еңбегін ерекше бағалап, баспана да тарту етті. Бұл – оның адал еңбегінің шынайы жемісі еді.

«Декреттік демалыстан кейін наурыз айында жұмысқа шықтым, екі айдан кейін бізге пәтер сыйлады. Қуанышымда шек болмады. Бес қызымның несібесі деп қабылдадым. Қазір өзімді тек маман ретінде ғана емес, ана әрі сүйікті жар ретінде де бақытты сезінемін».

Жуырда Динара қыздарын алғаш рет жұмыс орнына экскурсияға алып келмек.

«Кеше ғана ортаншы қызым: «Мама, «Maxi Чай»-да жұмыс істеу қиын емес пе?» – деп сұрады. Соған қарағанда, олар менің жұмысыма қызыға бастаған сияқты. Мен оларға: «Жоқ, қиын емес», – деп жауап бердім. Себебі бұл – мен үшін жай ғана жұмыс емес, жүрегіме жақын, өзім сүйіп істейтін іс».

Мүмкін, дәл осы күннен бастап кішкентай жүректерде үлкен армандар оянып жатқан шығар. Ал анасының жолы – сол армандарға шабыт беретін жарқын үлгі.