kz Блог

АҚ КӨЙЛЕГІМ ҚАП-ҚАРА БОЛДЫ...

Қызметкерлер
«GALANZ bottlers» компаниясы тек Алматыны емес, бүкіл ел аумағын қамтиды. Киелі Тараз қаласындағы аймақтық менеджеріміз – Жасұлан Махамбетов мамандық ауыстыру ешқашан да кеш емес екендігін айтады:

«Мен оқу орнын бітіргеннен кейін әскери салада 15 жыл қызмет еттім. 2017 жылы өмірім күрт өзгеріп, әскери саладан кетіп, «GALANZ bottlers» компаниясына сауда өкілі болып жұмысқа тұрдым. Бұл сала мен үшін мүлдем басқа әлем болды. Қиыншылықтарға қарамастан мен жаңа жұмысымды ерекше құлшыныспен істедім. Нәтижесінде еңбегім еленіп, алдымен супервайзер, сосын аймақтық менеджер лауазымына тағайындалдым. Мақсатың айқын болса, армандар орындалады екен».

Жасұлан үшін саудадағы басты қағида – адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната алу. Күнделікті жұмысқа келгенде ол алдымен әріптестердің амандығын біліп, көңіл-күйін сұрайды. Содан кейін ғана сатылымды бақылап, тауарды түгендеп, сауда нүктелерін қадағалап, ағымдағы жұмыс барысына кіріседі. Алғаш сауда өкілі болып қызмет етіп жүрген кездегі қызықты жайттар да есіне түсті.

«Наурызбай ауданында сауда өкілі болып жұмыс істеп жүрген кезде ескі көлігім жиі сынып қалатын. Сондай сәттердің бірінде дүкендерден тапсырысты велосипедпен жинауға шықтым. Компанияның талабы бойынша үстімде ақ көйлек, қара шалбар. Түстен кейін қатты жаңбыр жауып кетті. Қасымнан көлік өте шыққанда, аппақ көйлегім қап-қара болды, өзім малмаңдай су болдым. Амал жоқ, жұмысты аяқтап, үйге кешке бірақ қайттым».

Жасұлан компанияны, оның құндылықтары мен жетістіктерін әрдайым мақтан тұтады. Кәсіпорынның қарқынды түрде дамып, өсіп-өнуі оған күн сайын мотивация береді. Зауыттан шыққан әрбір өнім оған ерекше ыстық, ал сүйікті сусыны - алмұрт дәмі бар «GARDEN» шырыны. Жасұлан сияқты өз ісіне жан-тәнімен берілген қызметкерлер компаниямызда көп болса деп тілейміз!