kz Блог

ЕСЕПТІҢ ЕБІН БІЛГЕН ЖАН

Қызметкерлер
Альбина Дәрібаева
бухгалтер
«GALANZ bottlers» компаниясының есеп саясатын епті жүргізіп отырған бухгалтерлер ұжымының бірегей өкілі – Альбина Дәрібаева. Есеп-қисапқа көп адам келе бермейді, себебі бұл мамандық асқан шыдамдылықты, сондай-ақ нақтылық пен ұқыптылықты талап етеді.

«1000 адамның еңбекақысын уақтылы жіберу оңай емес. Айдың соңында 4-5 күн жалақы санайтын сәтте бас көтермей жұмыс істеймін, еш нәрсеге уақыт қалмайды. Маған артылған жауапкершілік үлкен: әрбір қызметкер еңбекақысын дер кезінде алғысы келеді, үйде бала-шағасы күтеді, төлейтін төлемдері бар, несиесін жабу керек. Әріптестерім айлығын уақытында алса екен деймін, сол себепті соңғы 10 жылдың ішінде тіпті демалысқа да, больничныйға да шығып көрмеппін».

Альбинаның тынбай адал еңбек етіп жүргеніне биыл 10 жыл болды. Ең алғаш жұмысқа тұрған сәттегі қиындықтарды әлі күнге дейін ұмытар емес.

«Бірінші күндері қатты қиналдым. Құжат деген тау болып үйіліп тұр, әрқайсының накладнойын реттеп шығу керек. Кабинетте түнгі 12-ге дейін отырамын. Бір күні төзімім таусылып, кілтті қалдырып, кетіп қалдым. Үйге келіп жолдасыма «жұмыстан шығам» деп айттым, сол кезде ол: «Сәл істеп көр, кетуге асықпа», - деді. Бір ай дегенде құжаттарды әзер реттеп алдым. Жұмыстың бәрін ретке келтіріп, тиянақтағаннан кейін кеткім келмей қалды. Ұйымшыл ұжымды қимадым».

Қызметкерлердің еңбекақысын есептегенде ерекше мұқият болу керек. Әсіресе бір бөлімде тұтас бір отбасының мүшелері қызмет ететінін әрдайым ескеру керек.

«Бір күні отпускной санадым. Демалыс алып жатқан жас бала, ал мен ақшаны егде кісіге салып жіберіппін. Аты-жөні бірдей адамдарды шатастырғанымды бірден түсіндім, сол үшін қатты уайымдадым. Қателігімді түзейін деп кадрлар бөліміне хабарласып, демалысқа шыққан жігітті қайта шақыртып алдым. Сөйтсем олар әкесі мен баласы екен. «Ештеңе етпейді, екеуміз бір үйде тұрамыз, қайта есептемей-ақ қойыңыз, солай қала берсін» - дейді. «Олай болмайды, жөндейміз» - дедім. Екеуін шақыртып алып, ауыстырғанымыз бар».

Еңбегі ұшан-теңіз осындай адал әріптестерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ!