Таныс болыңыздар, «GALANZ bottlers» компаниясының қойма меңгерушісі – Абай Мұсаев. Бір қызығы – Абай мырза осы уақытқа дейін TikTok, Instagram дегеннің не екенін білмей, мүлдем бейхабар жүрген. Оған себеп: жұмысының жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары.
«Жұмысқа күнде 14-15 вагон, 30-40 жүк көлігі келеді. Соның бәріне тауар тиеп жіберу керек. Менің қарамағымда 70 адам жұмыс істейді, бір емес, екі бірдей қойманы қадағалаймын. Қиыны – бір қойма Байсеркеде, екіншісі Шамалғанда. Күнделікті тиелетін тауар мен қалдықтың есебін білу керек. Себебі ертең саны жетпей жатса, мойнымызға жазылады, айлығымыздан ұстайды. Жоспар орындап болған кезде, кешке ғана көңілім орнына түседі».
Абай Төребайұлының осындай қарқынмен жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асты. Үйдегі келіншегі жұмысына түсіністікпен қарайды, осы уақытқа дейін қабақ шытып, ренжіген емес. Алаңдамай қызмет атқаруының да басты себебі сол – үйдегі тыныштық.
«Қазір маған қызметкер жетіспейді. Біздің бөлімге карщик, жүк тиеуші, техниктер керек. Соны үнемі ойлап жүргеннен бе, қызметкерлерді жұмысқа алу үшін түсімде сұхбат өткізіппін деймін. Оянған соң оған өзім күле қарадым. Үйдегілер кейде «саған ешкім жұмыста ескерткіш орнатпайды» — деп айтып жатады. Бірақ жаратылысым сондай, еш нәрсе өзгерте алмаймын».
Қойма меңгерушісі жұмыстың қиындығына қарамастан, компания басшылығы әрдайым қызметкерлерді ынталандыра білетінін ерекше ілтипатпен жеткізді.
«Өткен жылы Түркияға барып, демалып қайттық. Кез келген компания 70-80 адамға шет елге тегін жолдама бере бермейді. Демалыста жүргенде басқа ел өкілдері «қайдан келдіңдер?» деп сұрап жатты. Қазақстаннан келгенімізді, ұжыммен демалып жүргенімізді айттық. Сонда олар бір-бірінен «GALANZ bottlers» деген компанияны білесің бе деп сұрап, таң қалып жатты. Дәл сол сәтте кеудемді кернеген мақтанышты сөзбен жеткізе алмаймын! Бұдан артық мотивация жоқ шығар».